Бұл күн — біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.
Азаттық аңсаған елдің арманы бұдан 25 жыл бұрын орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін жариялаған болатын.
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жеттік.
Тәуелсіздік күні — ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, ең асқақ арманы орындалған күн.
Осы жылдар ішіндегі өз жетістіктерімізге келер болсақ, 1991 жылы қосымша 5 қабатты ғимарат іске қосылып, қызметкерлерге де, ана мен сәбилерге де заман талабына сай жағдайда медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туды.
Жарты ғасырдан астам тарихында перзентхана қабырғасында мыңдаған нәрестелер дүниеге келіп, Тәуелсіз еліміздің азаматы ретінде мемлекетіміздің көркеюіне ат салысты.
Осы жылдар ішінде перзентханада медицина қызметкерлерінің бірнеше буыны маман ретінде қалыптасып, ана мен сәбидің денсаулығын қорғауда Атырау халқының алғысына бөленді.
Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің басты шарттарының бірі- халық денсаулығының жоғары деңгейде болуы дүнеге келіп жатқан сәбилердің денсаулығына тікелей байланысты.
Осы бағытта соңғы он- он бес жыл ішінде, үкімет тарапынан қатты көңіл бөлінуінің арқасында, біздің мекеме де заман талабына сай қондырғылармен, мамандармен толықтырылды.
Бұл перзентхана қызметін жаңаша құруға, осы саладағы әлемдік озық технологияларды күнделікті практикаға табысты енгізуге мүмкіндік жасады.
Тек облыстық перзентхана емес, қала, аудандардағы дәрігер мен медбикелерді үздіксіз оқытып, саладағы жаңалықтар мен емдеу әдістеріне үйрету, кәсіби біліктілік деңгейін көтеру үнемі басты назарда.
Жыл бойына бірнеше рет Литвадан шақыртылған әріптестеріміз нәрестелерді, әсіресе күніне жетпей туылған сәбилерді күтіп-баптаудағы озық тәжрибесімен бөлісті.
Үш дәрігер Израилде ультрдыбыстық зерттеулер бойынша оқудан өтті .
Медициналық- генетикалық зерттеулер тұқым қуалайтын туа біткен кемістіктерді ерте анықтауға, оларды болдырмауға жол ашты. 2013 жылы перзентханада тұңғыш рет жаңа туған нәрестеге хирургиялық көмек яғни ота жасау арқылы, туа біткен кемістіктерді түзету табысты енгізілді.
Ота жасалған 16 сәби аман-есен жанұясына қосылды.
Дүниеге сәбилерді әкелумен қатар олардың, әсіресе өте көп еңбек жұмсалатын шала туған нәрестелердің, дұрыс өсіп-жетілуін қамтамасыз ету мақсатымен 2014 жылы перзентхана құрамында реабилитация бөлімшесі ашылды.
Осы жылдар ішінде айта берсек жетістіктеріміз көп, бізге бөлінген азғандай уақытқа бәрін айтып сыйғызу мүмкін емес.
Құрметті әріптестер, Отанымыздың мемлекеттілігін нығайтудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін бәріңізге алғыс айта отырып, баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Барша шаңырақ баянды бақ-дәулетке кенеліп, елімізде ынтымақ салтанат құрып, ырысымыз ортаймасын!