2008 жылдан бастап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауымен елімізде 22 апта мерзімінде туылған, дене салмағы 500 грамм нәрестелер бала ретінде есепке алынатын болған. Жаңа туылған нәрестелердің күтімі жөніндегі Еуропалық қор мен Америкалық қайырымдылық ұйымының бастамасымен, 17 қараша – шала туылған балалардың халықаралық күні деп аталады.
Бұл мереке 2009 жылы алғаш рет халықаралық деңгейде тойланды.
Перинаталдық орталықта өткен мерекелік іс-шараға оңалту бөлімшесінде болып, кейінен өз қатарластарымен бірге өскен балалар ата-аналарымен бірге келді.
Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаевтың айтуынша, жыл сайын облыста шамамен 8000-дай бала дүниегек еледі екен. Оның ішінде 600-ге жуық сәби мерзімінен бұрын туылып жатады. Ол жалпы туу көрсеткішінің 7-8 пайызын құрайды.
Сәбилердің шала болып туылуына әр түрлі жағдай әсер етеді. Олар – жасы келіп, жүкті болған әйелдер, олардың денсаулығының нашарлығы мен болсануға қолайлы климаттық жағдайдың болмауы және т.б. Негізінен, сәбилер 2 келі 500 грамм салмаққа дейін шала болып туылғандар санатына жатады. Ал, мұндай салмақта туылып жатқан сәбилердің өте көп болуына байланысты олардың өмірлерін аман сақтап қалу үшін көп еңбек пен қаражат жұмсалады.
«Баланың бәрі бақытты болуға жаралған». Наполеон, Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейннің өзі кезінде шала туылған екен. Сондықтан, айы-күні ерте дүниеге келген баланы «өз қатарынан қалып қояды, ақыл-есі кемістеу болады» деп ойлаудың өзі қате. Орталыққа келген балалардың әрқайсымен сөйлесіп көрдік. Бәрінің өз қылықтары бар.
Соның бірі Гүлмира Зиденова, ұлының есімін Әміржан қойыпты.
– Менің екінші балам. Бірінші баламды сау, қалыпты күйде босандым. Екіншімді қан қысымымның жоғары болуына байланысты мерзімінен ерте босанып қалдым. Ол дүниеге 880 грамм болып келді. Бойы – 30 см. «Адам болып кете ме» деп басында қатты қобалжыдық. Қазір жағдайы жақсы. Өзге қатарлас балалармен бірдей қимылдайды. Орталыққа массаж жасатуға жиі келеміз, – дейді ол.
Айкөркемнің анасы Айгүл Ихсанова да бізбен әңгімесінде, қызының мерзімінен бұрын 1 кг салмақта дүниеге келгенін айтып отыр. Қазір жанарына ота жасатып келіпті. Енді екіншісіне баруға қаржы жинап жүр. Айкөркемнің есте сақтау қабілеті жақсы. Бізге қазақша, орысша бірнеше өлеңді жатқа оқып берді.
Шынаргүл Құсанованың үшемдері енді үш жасқа келеді. Салмақтары 1 кг 300,1 кг 700, және 2 кг болған. «Басында дәрігерлер «Сендерге қуануға әлі ерте, балалр өз аяқтарына тұрсын, оңалып кетсін» деп еді. Содан ба, басында қатты қорықтық», – дейді Шынаргүл.
Қазір Мержан, Сержан, Нұрайна есімді үшемдер қазір балабақшадан қаламйды. Оның белсенді тәрбиеленушілері. Бірі билейді, екіншісі тақпақ айтады. Бірінен-бірі өткен өнерлі.
Ата-аналар мен балалар өздеріне арналып қойылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Кейінен әрқайсысына сыйлықтар таратылды.
Айта кетейік, облыстық перинаталдық орталығы – үшінші деңгейлі босандыруға көмектесетін мекеме.
Өңірдегі медициналық көмекті қажет ететін барлық шала туылған нәрестелер осы орталықта емделеді. Ана денсаулығы мен жаңа туылған нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін мұнда мамандандырылған білікті дәрігерлер жұмыс жасайды.
Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің денсаулығының жақсаруына неонатологтардан бөлек, орталықтағы невролог, ортопед, хирург, офтальмолог дәрігерлер үлкен үлес қосып отыр.